Абдолла Жанғабылов
Сөз басында жыр жолын келтіріп отырған Абдолла ағамыздың ағынан жарылып тыңдармандарына арнаған сөзі осыдан жиырма жыл бұрын табалдырығымыздан аттауға асығып тұрған азаттықтың айнасындай әсер етті десем артық айтпағаным болар.
Абдолла Жанғабылұлы 1943 жылы 27 ақпан күні Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Көкалат ауылында өмірге келді. Бұл ауылдан қазақтың бүгінгі айтулы ақберен жазушылары Қойшығара, Қоғабай, Төлен ағаларымыз бен арқалы ақын менің әкем Назарбек пен халық ақыны Қонысбай інілерім, тағы басқа да танымал тұлғалар дүние есігін ашып, еліміздің мақтанышына айналды.
Осы үрдістен құр қалмаған Әбекеңе жақын-жуықтары ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсуіне ақыл-кеңестерін берді. Бірақ Абдолла ағамыз жүрек қалауымен аса алмай, 1972 жылы Алматы қаласындағы басқа жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтады. Іскер, адамдармен тез тіл табысатын жас маман басы аяғы он жылдың көлемінде кеңшардың бас маманынан облыстық мекеме басшысы, кеңшар директоры қызметтеріне жоғарылады.
Әбекең ағамыз өмірде сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Ол тылсым табиғаттың тілін білетін шебер суретші, өмірдің жарқын сәттерін жалықпай суретке түсіріп жүретін фотографта. Сонымен бірге жас шағынан спортпен шұғылданды.
Ол бұл күндері Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі алқасының белсенді мүшесі. Ардагерлер хорының әншісі ретінде де танымал. Елінің жарқын болашағы үшін жасаған адал қызметінің белгісіндей үйінің төрінде Елбасымыздың өзі қол қойған Алғыс хаты ілулі тұр.
Сөз өнерінің құдіретін жанымен түсінетін Абдолла ағамыздың 2007 жылы «Ақ ниет» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, ақынның жуырда «Әзіл түбі - шындық» атты екінші кітабы оқырмандарға жол тартты. Ол қазақ және орыс тілдерінде жазылған.
Қазіргі таңда жетпістің жотасына шығып отырған аңқылдақ ақын ағамызға: «Алдыңызда тұрған талай асқаралы асуларды алқынбай алатын болыңыз. Құдай қосқан қосағыңыз - Сапаркүл жеңгеміз екеуіңіз бес перзенттеріңізден өрбіген көбелектеріңіздің қызығын көріңіздер. Шаңырағыңыздың шаттығы шалқып, бақытқа бөлене беріңіздер» деген інілік ізгі тілегімді білдіргім келеді.